АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті мен Армения Республикасының Орталық банкі қаржылық қызметтерді реттеу саласындағы ынтымақтастықты жетілдіру мақсатында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті мен Армения Республикасының Орталық банкі қаржылық қызметтерді реттеу саласындағы ынтымақтастықты жетілдіру мақсатында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды
AFSA
10 October 2019 00:00:00

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті («АФСА») Армения Республикасының Орталық банкімен («АОБ») өзара түсіністік туралы меморандум («Меморандум») жасасты. Қол қою рәсімі Ереван қаласында өтті.

Тараптар, Меморандумға сәйкес, банктік және сақтандыру қызметін, бағалы қағаздар нарығын қадағалау және реттеуде, атап айтқанда, ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл көрсетуде, құқық қолдану тәжірибесінде, лицензиялау, қадағалау, қаржылық сауықтыру және т.б. салаларда ынтымақтасуға ниетін білдірді.

Меморандумға АФСА бас директорының міндетін атқарушы Мұхтар Бөбеев пен АОБ Төрағасының орынбасары Вахтанг Абрамян қол қойды. Тараптар тиісті құзіретіндегі трансшекаралық институттардың қызметін бақылау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, қадағалау ақпаратымен алмасу арналарын құруға және АФСА мен АОБ арасындағы өзара әрекеттестікті қамтамасыз етуге келісті.

  • Меморандум өзара ықпалдасуды қамтамасыз ету және қадағалау ақпаратымен алмасу арналарын құру үшін қажетті жағдай туғызады.

В. Абрамян Меморандумға қол қоюды құптап: ««Осы Меморандумға қол қою арқылы біз мекемелеріміз арасындағы қатынастарды дамыту жолында маңызды қадам жасадық. АОБ қаржылық бақылау мен реттеу саласында өзара ынтымақтастыққа үміттенеді, мұнда АФСА мен АОБ мол тәжірибесімен алмаса алады,» - деді.

М.Бөбеев өз кезегінде: «Біз АФСА мен АОБ арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға жол беретін осы Меморандумға қол қоюға қуаныштымыз. Ол ортақ мүдделер саласындағы ақпарат алмасу мен банктік және сақтандыру қызметін, бағалы қағаздар нарығын екі елде де бақылауды жақсартуға мүмкіндік береді деп сенеміз,» - деп атап өтті.

 

 Анықтамалық ақпарат:

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. АХҚО-ны құру туралы Конституциялық заңға 2015 жылғы 7 желтоқсанда қол қойылды. АХҚО мақсаты-халықаралық деңгейдегі қаржылық қызметтердің жетекші орталығын қалыптастыру. АХҚО-ның міндеттері ел экономикасына инвестициялар тартуға ықпалдасу, қаржылық қызмет көрсету саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту және оның халықаралық капитал нарықтарымен интеграциялануын қамтамасыз ету.

www.aifc.kz

 

АФСА АХҚО тәуелсіз реттеушісі, «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржылық қызметті және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында Қазақстан Республикасының «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңына сәйкес құрылған заңды тұлға болып табылады. AFSA қаржы компаниялар мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредитациялау, және қадағалау секілді АХҚО қызметтерін реттейді.

www.afsa.kz

 

Армения Республикасының Орталық банкі - Армения Республикасының қаржы нарығын реттеу мен қадағалаудың бірыңғай органы. Армения Республикасының Орталық банкі банктік және сақтандыру қызметін, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығындағы ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдарды реттейді және қаржы нарығына қатысушылардың сәйкес заңнаманың талаптарына сәйкестігін бақылайды.

www.cba.am


Соңғы жаңалықтар